2020 жылы өз жұмысын бастаған «Менің арманым» корпоративтік қоры, ауыр және айықпас дертке шалдыққан 3-тен, 18 жасқа дейінгі балалар мен жастардың арман-тілегін орындауға бағытталған бірден бір орталық. Ұйым аталмыш уақыт ішінде 13-ке тарта бүлдіршінге өз көмегін ұсынып үлгерген. Қордың медиакоординаторы Олжас Еспанов: «Көпшілігі танымал тұлғалармен жолығуды армандайды. Біз барынша орындауға тырысамыз»,-дейді. Олжас Еспанов, «Менің арманым» қорының медиакоординаторы: – Әншілермен, блогерлармен кездескісі келеді. Мен солармен бірге связьға шығып, хабарласып: «Осындай бала сенімен кездескісі келетін еді. Келіп бір уақытыңды бөліп кетсең»,-деп хабарласып, осы «Менің арманымға» шақырамын. Жобаға атсалысқандардың ішінде: Зируза, ННН, Садраддин, Аии офишл, Дархан мен Дарикорн, Алишер Қонысбаев, Жансерік Қадырбаев, Алдияр Жаппарханов сынды танымалдар бар. Ал төрт жасар Мирас Қажымұратовтың оқиғасы тіптен бөлек. Бүлдіршін «Марвелдің» батырларымен жолығуды армандайды екен. «Әсіресе «Өрмекші адамды» қатты жақсы көретін Мирасқа, ұйым ұмытылмас кеш сыйлады»,-дейді сәбидің анасы Әйгерім. Әйгерім Оразалиева, Мирастың анасы: – «Менің арманым» қорын, мен фейсбукта бір ссылканы көріп қалдым. Инстаграм парақшасына, дайректке жаздым: «осындай-осындай. Біздің Мирастың осындай арманы бар еді» деп. Бас-аяғы 3-5 күнің ішінде, біздің арманымызды орындады. Жылдам болды барлығы, тез-тез. Қорды құруға мұрындық болған – Шамиль Ванкеев есімді азамат. Ол: «Қазақстанда мұндай жобаның жоқ екенін ескере отыра, концепцияны АҚШ-тың ірі қайырымдылық орталықтарынан алып келдік»,-дейді. Шамиль Ванкеев, «Менің арманым» қорының атқарушы директоры: – Жобамыз басталған кезде, міндетті түрде енді кез келген жобаның жүруіне қаржылай көмек қажет болады. Сол себепті біз көптеген Қазақстандағы беделді кәсіпкерлерге бардық. «Осындай жобамыз бар. Осындай азаматтар қолдау көрсетіп жатыр. Енді сіздердің де тараптарыңыздан біздің жобамызға қолдау болса» деген ниетпен. «Менің арманым» корпоративтік қоры, сәуір айының соңына дейін 15 қалада ашылуды жоспарлап отыр. Келіп түскен өтінімдер, науқас балалардың дертіне қарай іріктеледі.